Бүгін Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Ұлттық балаларды оңалту орталығында салтанатты іс-шара өтті, қызметкерлерге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің атынан марапаттар, Басқарма Төрағасы Ажар Ғинияттың атынан грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.
“Еңбек ардагері” медальдарымен және “Денсаулық сақтау ісінің үздігі”, “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” төсбелгілерімен, грамоталармен марапатталғандардың қатарында – дәрігерлер, мейіргерлер, невропатологтар, логопедтер, дефектологтар, эрготерапевттер, емдік дене шынықтыру мамандары бар. Олар денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі және жоғары кәсібилігі үшін марапатталды.
Ажар Ғиният барлық қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, медицина қызметкерлері– біздің заманымыздың нағыз батырлары, пациенттердің денсаулығы үшін ауыр жауапкершілікті өз мойнына алатынын және олардың еңбегі құрметке лайық екенін атап өтті.
Іс-шара барысында орталықтың музыка терапевттері шығармашылық нөмірлер көрсетіп, “Ақ халатты періштелер” және “Мың алғыс дәрігердің барлығына” әндерін шырқады.
Медицина қызметкерлері күні – бұл жай ғана мереке емес, бұл дәрігерлердің, мейіргерлердің және өз өмірін осы маңызды мамандыққа байланыстырған кез келген адамның еңбегіне деген құрметті білдіреді.