5 қыркүйек – Халықаралық қайырымдылық күні.

Осы ерекше күннің құрметіне Ұлттық балаларды оңалту орталығына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, еліміздің Бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы келді.

Наурызбай қажы Орталығымыздың жұмысымен танысып, еліміздің әр өңірінен келген ерекше балаларға сауығып кетуін тілеп, батасын берді, және бір пациенттің тұсауын кесті. Барлық балалардың ата – аналарына құнды хадистер айтып мойымауды сұрады, мықты рух беріп оларды жігерледі.

Сонымен қатар, “Зекет қайырымдылық қоры” орталықтың «Ақжол» бөліміне қажетті заттар: жиһаз, мүмкіншілігі шектеулі балаларға арналған арба, бизиборд, теледидар, сабаққа оқу құралдарымен жабдықталған сөмке және т.б материалдық көмек көрсетті.

Қайырымдылық ісіңнен көрінеді, дейді қазақ. Кең болсаң, кем болмайсың дегендей, жасалған жақсылық, әсіресе мүгедек және мұқтаж жандарға, еселеп қайтып келетіні сөзсіз.

Бұдан басқа, “Зекет және қайырымдылық” қорымен одан әрі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, бұл бірлескен жобалар мен бастамалар жаңа мүмкіндіктер ашады. Балаларға және орталыққа көрсеткен қайырымдылық көмек үшін шын жүректен алғыс айтамыз.