“Тәжірибе алмасу – табыстың кепілі”: ҰБОО кәсіподағы Болгария кәсіподағының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді

Қазақстан кәсіподақтарының халықаралық ынтымақтастығы шеңберінде “AQNIET” Денсаулық сақтау қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы және Болгарияның “PODKREPA” медициналық федерациясы Астана қаласының медициналық мекемелерінде маңызды іс-шаралар өткізуде.

Бүгін Ұлттық балаларды оңалту орталығында кездесу өтті, онда екі елдің кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Болгариядан келген қонақтар – Розица Шуманова-Палешникова, Болгария Денсаулық сақтау кәсіподағының, “Podkrepa” медициналық федерациясының төрағасы және “Podkrepa” төрағасының орынбасары Вихра Белева Орталықтың барлық бөлімдерін аралап, мамандардың жұмысымен жеке танысуға мүмкіндік алды.

Кездесу барысында басқарма төрағасы Ажар Ғиният орталықтың қызметі, оның жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы толық айтып берді. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалтуда қолданылатын заманауи әдістер мен технологияларға ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде, “AQNIET” Қазақстандық салалық Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бақытжан Тәжібай “AQNIET” Республикалық денсаулық сақтау кәсіподағының қызметі туралы және кәсіподақтың халықаралық деңгейде ұсынылғаны және көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылатыны, әлем елдерінің көптеген кәсіподақтарымен жұмыс істейтіні туралы айтып өтті.

Кездесу нәтижесінде ынтымақтастық перспективалары туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл кездесулер халықаралық байланыстарды нығайтуға, кәсіподақ қызметін дамытуға және оңалтуды қажет ететін балалар үшін медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етеді.