Бүгін Ұлттық балаларды оңалту орталығында 34 жылдан астам еңбек өтілі бар медицина қызметкері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санаттағы балалар неврологі, реабилитолог, 40-тан астам ғылыми басылымның авторы, медицина саласына өлшеусіз үлес қосқан Гүлмира Базарбайқызы Ульмисекованың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.
Гүлмира Базарбайқызы Ұлттық балаларды оңалту орталығы «Бөбек» психоневрологиялық бөлімінің меңгерушісі болып 16 жыл еңбек еткен, өмірінің соңғы уақытына дейін абыроймен қызметін атқарған, талай дәрігер шәкірт тәрбиелеген мықты маман.
Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне Семей қаласынан аяулы анасы, қымбатты бауырлары, туыстары, достары, әріптестері қатысып, Гүлмира Базарбайқызын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Ескерткіш тақтаны туыстары жасап, оны дәрігердің өзі жұмыс істеген, іргетасын қалаған «Бөбек» бөлімінің қабырғасына ілді. Айта кетейік, «Бөбек» бөлімінде 1 – 3 жас аралығында церебральды сал ауруы, сөйлеу және тілдің бұзылуы, менингиттің салдары және т.б. диагноздар бойынша балалар ем алады.
Ұлттық балаларды оңалту орталығының Басқарма төрағасы Ажар Ғиниятқызы бүгінгі игі іс-шара тарихи сәт болып қалатынын атап өтіп, марқұм Гүлмира Базарбайқызының орталықтың дамуына үлес қосып, еліміздің әр аймағынан келетін қаншама пациенттерді – балаларды емдеп, соңында өшпес із қалдырағанын сөз етті.
Және ҰБОО –ның қалаушы, көп жылдар бойы басқарған, Гүлмира Базарбайқызымен бірге қызмет еткен Шолпан Булекбаева да сөз сөйледі.
- Гүлмира Базарбайқызын 17 жыл бұрын «Бөбек» бөлімін басқаруға шақырғанмын, содан бері ол кісіні жұмысқа қабылдағаныма ешқашан өкінген жоқпын. Ол өте дарынды, білімді жан болды. Гүлмираның балалардың еміне сіңірген еңбегі мол. Оны Алтын дауыс деп атайтынмын, себебі барлық іс-шараларда белсенді болатын. Онын ашық – жарқын бейнесі, күмістей сыңғырлаған әсем дауысы жүректе мәңгі есте қалмақ. Бүгін оның құрметіне ескерткіш тақта орнатылғанына шексіз қуаныштымын.
Сондай – ақ, пациенттер атынан марқұмды Абрар Марат еске алды:
- Ол әр ерекше балаға қалай қарау керектігін білетін. Пациенттердің әрқайсысына үлкен жауапкершілікпен және махаббатпен қарайтын. Ұлым ең алғаш келгенде тіпті мойнын ұстай алмайтын, жүре алмайтын, сол кезде Гүлмира Базарбайқызы әлі ақ адам болып кетеді, жүреді, сөйлейтін болады деп айтқан болатын, осы орталықта 10 жыл ем алдық, қазір айтқанындай ұлым аяққа тұрды, сау балалардың қатырында, биыл 5 сыныпты аяқтады. Мың алғыс.
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Өткенге құрметпен қарап, тарихи тұлғаларымызды есте сақтауға міндеттіміз. Халыққа қызмет еткен медицина мамандарына осылай құрмет көрсету орталық үшін үлкен мәртебие.
Гүлмира Базарбайқызы медицинаға, мамандық пен ұжымға деген адалдыққа, қарапайымдылыққа, мейірімділік пен даналыққа жанқиярлықпен қызмет етудің символы болып, келешек ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.