«Шектеуден тыс: аутизм жолындағы мүмкіндіктерді кеңейту» атты халықаралық конференцияға ҰБОО-ның дәрігерлері қатысуда

17 -18 сәуір күндері Астана қаласында «Шектеуден тыс: аутизм жолындағы мүмкіндіктерді кеңейту» атты халықаралық конференция өтеді.

Конференцияның мақсаты — аутизм спектрінің бұзылуы (АСБ) туралы қоғамның хабардарлығы мен түсінігін арттыру, аутизмі бар балаларды диагностикалау және қолдау саласындағы озық тәжірибелермен алмасу, аутизмі бар балалар мен ересектерді қоғамға қосу жөніндегі бастамаларды ілгерілету, дамыту, өзін-өзі жүзеге асырудың тең мүмкіндіктерін насихаттау болып табылады.

Халықаралық конференцияның спикерлері — АҚШ-тың халықаралық мінез-құлықты талдау ұйымының (IBAO) атқарушы директоры Майкл Мюллер (Ph.D., BCBA-D, IBA), Франциядағы психомоторлық терапевттер Федерациясы Бас хатшысының орынбасары Николас Райнал, Ресей, Қырғызстан, Өзбектан және Қазақстанның  мінез-құлық талдаушылары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысады.

Іс-шарада аутизм бойынша әлемдік және отандық контексттегі қазіргі ахуал, ерте жастағы диагностика және қолдау жұмыстары, мінез-құлықты қолданбалы талдау, ауыр/жағымсыз мінез-құлықпен жұмыс, жетіспейтін дағдыларды дамыту, инклюзиялық білім беруді ұйымдастыру, ерекше балалардың ата-аналарына көмек, АСБ-бар балалар мен ересектермен жұмыста қолдануға тұрарлық әдіс-тәсілдер, құралдар т.б көптеген тақырыптар қозғалады.

Іс-шараға «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КЕАҚ ғылым және білім бөлімі басқармасының басшысы, профессор, биология ғылымдарының докторы Имашева Бағдат Сәкенқызы, әлеуметтік-педагогикалық оңалту басқармасының басшысы Балтабаева Айгүл Тасқынбайқызы, реабилитологтар, логопедтер, психологтар және дефектологтар қатысады.